Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік компанияның өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар туризм саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.
Облыс әкімі Түркістан облысының туристік әлеуетіне және инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, тиімді жобаларға ашық екенін жеткізді.
– Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірі. Біздің алдымызда шетелдік туристерді көбейту міндеті тұр. Жыл сайын облысымызға келушілер санының өсуі атқаралып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі деп білемін. Өткен жылы Түркістан облысына келген шетелдік туристер саны 15 мыңға жетті. Олардың ішінде ТОП-5 мемлекет қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан елдері бар. Түркістан қаласында жылына 3 милионнан астам жолаушы тасымалдайтын заманауи талаптарға сай халықаралық әуежай қызмет етеді. Біз тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Шетелдік инвестор компания жұмысын кеңінен таныстырып, туризм саласына қатысты жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Бұл компания – Қытайдағы ең ірі құрылыс холдингі әрі әлемдегі жетекші мердігер ұйымдардың бірі, сондай-ақ Fortune Global 500 рейтингіне енген. 73 жылдық тарихы бар компания инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыратын ірі мемлекеттік мердігер. Компания автожолдар, көпірлер, теміржол нысандары, энергетикалық кәсіпорындар, әуежайлар, өнеркәсіптік кешендер және қалалық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүргізеді.
Жауап қалдыру