А. Ертаев мүгедектігі бар балалардың ата-аналарын жеке қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарды жеке қабылдап, оның барысында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен құқықтарды қорғаудың және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.

Мүгедектігі бар балалардың ата-аналарынан құрылған бастамашыл топтың өкілдері ведомство басшысына бірқатар өзекті мәселелер бойынша жүгінді. Атап айтқанда, «Инватакси» қызметінің жұмысын жетілдіру, балаларды гигиеналық құралдармен (жөргектермен) тоқсан сайын қамтамасыз ету тетігін енгізу тақырыптары көтерілді.

Балаларды гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету тетігі туралы сұрақтарға жауап бере отырып, Министрлік өкілдері жылдық көлем толығымен сақталатынын түсіндірді. Қамтамасыз етуде үзілістерге жол бермеу үшін алдын ала қайта тапсырыс беру тетігі қарастырылған – келесі топтамаға өтінімді алдыңғысынан кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң рәсімдеуге болады. Ведомство басшысы жаңашылдықтың себептері туралы толыққанды түсініктеме берді.

«Біз гигиеналық құралдармен тоқсан сайын қамтамасыз етуге тұрақты негізде көшіп жатырмыз, бұл пилоттық жоба емес. Мұны қызмет алушыларымыздың құқықтарын қорғау және жосықсыз өнім берушілер тарапынан тауарды заңсыз қайта сату мен сөз байласудың орын алған фактілерінің жолын кесу үшін жасап отырмыз. Бұл ретте азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз жеткізудің үш тәсілін енгіздік: «Қазпошта» бөлімшелері арқылы, өзі алып кету және оператор қызметтері. Бюджет қаражатының әкімшілері ретіндегі біздің міндетіміз – процестің абсолютті ашықтығын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Министр көмектің басқа да түрлерін тағайындаудың тұжырымдамалық тәсілдері туралы айта келе, әлеуметтік саясатты дамытудың негізгі векторын белгіледі – негізгі бағдар аса мұқтаждық критерийі болып табылады.

«Бүкіл әлеуметтік қорғау жүйесі кезең-кезеңімен осы қағидатқа ауыстырылуда. Біздің ортақ міндетіміз – бейінді ведомстволармен бірлесіп, мемлекеттік көмектің оған шынымен мұқтаж жандарға кепілді түрде жетуін қамтамасыз ететін ашық тетіктерді әзірлеу», – деді министр.

Қосымша пысықтауды және денсаулық сақтау, көлік министрліктерімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қажет ететін мәселелерді Асқарбек Ертаев жеке бақылауына алды. Айтылған бірқатар проблемаларды жедел әрі нақты реттеу үшін таяу уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірлескен кездесу жоспарланған. ҚР ЕХӘҚМ тиісті департаменттеріне мүгедектігі бар балалардың ата-аналары бастамашыл тобының өкілдерімен сындарлы диалогты жалғастыру және құзыреті шегінде көтерілген мәселелерді шешуге жәрдем көрсету жөнінде тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1175124?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді