
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордада кикбоксингтен ашық чемпионатқа қатысқан кадеттер мен жасөспірімдердің халықаралық беделді UAE SWAT Challenge жарысының жеңімпаздарымен, елордалық Жедел әрекет ету арнайы жасағы (СОБР) бөлімшесінің өкілдерімен кездесуі өтті.
Арнайы бөлімше өкілдері Айнагүл Байжігітова, Мөлдір Атанай және Елдос Сартай жас спортшыларға өздерінің кәсіби қалыптасу жолы туралы айтып, спорттың бала кезден олардың өмірінде қандай рөл атқарғаны жайлы ой бөлісті. Олар тәртіп, тұрақты жаттығу және ішкі мотивация болашақ жеңістердің берік іргетасы болатынын атап өтті. Бұл қағидалар спорт аренасында ғана емес, қызмет барысында да аса маңызды екенін жеткізді.
Олардың айтуынша, арнайы бөлімшелер қызметкерлері үшін физикалық дайындық шешуші мәнге ие. Төзімділік, күш-қуат, күйзеліске төтеп беру қабілеті және командалық рух жылдар бойы спорт арқылы өзін-өзі бақылау мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде қалыптасады.
Жас спортшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, халықаралық деңгейде шеберлігін дәлелдеген мамандардан құнды кеңестер алды.
Кездесу соңында қонақтар турнир қатысушыларына қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, алға қойған мақсаттарына батыл ұмтылуға және әрдайым спорт пен салауатты өмір салтын таңдауға тілек білдірді.
Іс-шара кадеттер мен жасөспірімдер арасында өткен кикбоксингтен ашық қалалық чемпионат аясында ұйымдастырылды. Турнирді Astana Kickboxing Federation «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын және «Астана – есірткісіз қала!» кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде өткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-sport/press/news/details/1175737?lang=kk

Жауап қалдыру