
Күн тәртібінде жұқпалы мал ауруларының алдын алу, эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және ветеринариялық қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына қарасты «Атырау қалалық ветеринариялық стансасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Ықылас Азаматовтың мәлімдеуінше, 2025 жылы бруцеллез ауруын анықтау мақсатында 277 731 бас ауыл шаруашылығы жануарынан қан сынамасы алынып, зертханалық тексеруден өткізілген.
Тексеру нәтижесінде ірі қара малдан – 9 бас, ұсақ малдан – 1 бас, түйеден – 3 бас жануардан бруцеллез ауруына оң нәтиже анықталып, олар санитариялық талаптарға сәйкес арнайы мал сою орындарында жойылған.
Сондай-ақ, қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында 7 түрлі ауруға (құтыру, сібір жарасы, аусыл, қарасан, түйенің обасы, эхинококкоз, құс тұмауы) қарсы 72 707 доза вакцинациялау жұмыстары жоспарланып, аталған профилактикалық іс-шаралар 100 пайызға орындалған.
Комиссия төрағасы Руслан Күмісқалиев Атырау қаласы және оған қарасты ауылдық округтерде вакцинациялау жұмыстары туралы халықты кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарға жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар, екпе кестесі мен ветеринариялық қауіпсіздік талаптары жөнінде уақтылы әрі түсінікті ақпарат беру жұқпалы аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Осыған байланысты жауапты мекемелерге түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыныс білдірілді.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері Ө.Жұмағалиев, Ө.Қапанов мал базарларында саудаланып жатқан ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті түрде ветеринариялық тексерістен өткізу, көршілес елдерден тасымалданып жатқан ет өнімдерінің ветеринариялық және санитариялық талаптарға толық сәйкес болуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-city/press/news/details/1175345?lang=kk

Жауап қалдыру