
Нұра ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімімен «Әйел – қоғамның тірегі» атты мерекелік дөңгелек үстел өтті. Іс-шара аудан әкімдігі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған ауданның әр саласында еңбек етіп жүрген және қоғам өміріне белсене араласып жүрген әйелдер қатысты.
Мерекелік кездесуге білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, мәдениет салаларының өкілдері, көпбалалы аналар, зейнеткерлер және ауылдық округтерден келген еңбек ардагерлері шақырылды. Қатысушылар қатарында ұстаздар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғамдық белсенділер мен түрлі салада ұзақ жыл еңбек еткен аналар болды.
Іс-шара барысында аудан әкімі қатысушыларды көктемнің ең шуақты мерекесімен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті. Өз сөзінде әйел – отбасының берекесі, ұлттың рухани тірегі екенін айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі зор екенін жеткізді. Сонымен қатар білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет және кәсіпкерлік салаларында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегі ауданның болашағына қосылған маңызды үлес екені ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер аналар мен қоғамда белсенді қызмет атқарып жүрген әйелдер сөз алып, әйелдердің отбасы мен қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесі және еңбек жолындағы тәжірибелері туралы ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ іс-шара аясында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, аудан өнерпаздары ән шашу тарту етті. Кездесу жылы әрі еркін форматта өтіп, қатысушыларға гүл шоқтары табысталды.
Іс-шара соңында аудан әкімі әйелдер қауымына зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеп, қоғамдағы белсенділіктері мен аудан дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік кездесу көтеріңкі көңіл күймен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1175668?lang=kk

Жауап қалдыру