
2026 жылы Қазақстандағы азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) қызметіне 105 жыл толады. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде өмірлік маңызды оқиғаларды тіркеу жүйесі айтарлықтай дамып, қағаз кітаптардан заманауи цифрлық сервистерге дейінгі үлкен эволюциялық жолдан өтті.
Бүгінде АХАТ жүйесі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі түрде жаңғыртылып келеді. Қазақстан бұл салада қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша ел ішінде және ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болды. Ғасырдан астам уақыт ішінде жинақталған миллиондаған акт жазбалары цифрлық жүйеге енгізіліп, азаматтарға электрондық сервистер арқылы қолжетімді етілді. Соның нәтижесінде құжаттардың көшірмесін алу немесе некені тіркеу қызметін елдің кез келген өңірінде рәсімдеу мүмкіндігі пайда болды.
Қазіргі таңда АХАТ жүйесі Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Ел бойынша 200-ден астам бөлімде 800-ден астам маман еңбек етеді. 2025 жылдың өзінде елімізде 330 мыңнан астам туу және 110 мыңнан астам неке тіркелген. Ал биылғы жылдың басынан бері 50 мыңға жуық туу және 14 мыңға жуық неке рәсімделіп, оң динамика сақталып отыр.
Сонымен қатар қазіргі АХАТ қызметі тек цифрлық форматтағы қызметтермен ғана шектелмей, азаматтардың өміріндегі маңызды сәттерді салтанатты түрде тіркеу дәстүрін де дамытып келеді. Мәселен, 2025 жылы еліміз бойынша шамамен 5 мың салтанатты неке тіркеуі және 400-ден астам салтанатты туу тіркеуі өткізілген.
АХАТ жүйесінің 105 жылдығына орай республика көлемінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, сала қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаланды. Бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталып, олардың кәсіби еңбегіне құрмет көрсетілді.
Азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің ғасырдан астам тарихы мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларды ресми тіркеу арқылы азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындап, елдегі мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1175892?lang=kk

Жауап қалдыру