
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласында орналасқан «ИП БОРАН» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз өндіретін цехының жұмысымен танысты. Жергілікті кәсіпкерлікті қолдау – өңірдің экономикалық дамуының маңызды бағыты екенін атап өтіп, кәсіпкердің бастамаларына сәттілік тілеп, өндірісті кеңейту бағытындағы жоспарларына қолдау білдірді.
Кәсіпорын иесі көп жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан Даулетжан Налтаев. Бүгінде өндіріс орнында 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға өзіндік үлесін қосып отыр. Цехта ағаш, МДФ, фанера және түрлі бояу материалдары қолданылып, тұрмыстық және кеңселік жиһаздардың сан алуан түрі дайындалады. Заманауи талаптарға сай өндірілген өнімдер сапасымен ерекшеленіп, тапсырыс негізінде еліміздің әр өңіріне жеткізіледі.
Кәсіпкер Даулетжан Налтаев жиһаз өндірісімен 20 жылға жуық уақыт бойы айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол өз кәсібін жүйелі түрде дамытып, өндіріс ауқымын кеңейтуге ерекше көңіл бөлген. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, өндірістің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін арттырған. Кәсіпорында ай сайын шамамен 15 миллион теңгенің өнімі өндірілуде. Алдағы уақытта кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1175848?lang=kk

Жауап қалдыру