
Түймекент орта мектебінде Конституциялық реформаның мазмұнын талқылауға арналған маңызды жиын өтті. Педагогтар ұжымы мен спикерлер Ата Заңға енгізілетін заманауи өзгерістер мен мемлекеттің мызғымас құндылықтарын егжей-тегжейлі талқылады.
Кездесу барысында жаңа Конституциядағы білім беру мекемелеріне қатысты маңызды тармақтардың бірі – діни атрибуттарға жол бермеу мәселесі сөз болды. Бұл шешім мектептің таза білім мен ғылым ордасы ретіндегі мәртебесін сақтауға, оқушылар арасында теңдік пен зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Мектеп ұжымы бұл қадамды оқу ошағының ішкі тәртібі мен ұлттық тәрбие жүйесін нығайтудағы дұрыс шешім деп қабылдады.
Реформаның тағы бір жаңашылдығы – Ата Заңға «Цифрлық құқық» терминінің енгізілуі. Технологиялар қарыштап дамыған заманда азаматтардың виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздігі мен құқықтарын заңмен бекіту – уақыт талабы. Бұл мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен киберкеңістіктегі қорғалу деңгейін жаңа сатыға көтереді.
Жаңа Конституция – көпұлтты қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтудың басты құралы.
Түймекент орта мектебінің мұғалімдері енгізілетін өзгерістерге жоғары баға беріп, оң көзқарас танытты. Педагогтар бұл реформаны Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасын қалайтын тарихи оқиға деп санайды.
«Конституциялық өзгерістер — бұл біздің мемлекеттілігімізді нығайтып қана қоймай, білім беру жүйесінің заман ағымына сай дамуына жол ашады. Цифрлық құқық пен зайырлылық ұстанымдары біздің жұмысымыздың тұрақтылығын қамтамасыз етеді», — деді жиынға қатысушы ұстаздар.
Бұл жүздесу халықтың реформаға деген үлкен үміті мен сенімін көрсетті. Жаңа Конституция — тұрақтылықтың, бірліктің және прогресстің кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1175762?lang=kk

Жауап қалдыру