Қазақстан балалар статистикасы жөніндегі TransMonEE желісінің сессиясына төрағалық етуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Женева қаласында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЮНИСЕФ ұйымдастырған балалар статистикасына арналған сарапшылар кездесуі өтіп жатыр. Іс-шараға Еуропа, Орталық Азия және басқа да өңірлерден ұлттық статистикалық қызметтердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Қазақстан балалар мен жасөспірімдер туралы статистиканы дамытуға бағытталған TransMonEE желісінің сессиясына төрағалық етуде. Бұл жоба 30 жылдан астам уақыт бойы Еуропа мен Орталық Азия елдерінің ұлттық статистикалық органдарын біріктіріп келеді.

Кездесу барысында қатысушылар балалар туралы деректер жүйесін дамыту, олардың әл-ауқатына мониторинг жасау және әлеуметтік саясатты қалыптастыруда заманауи технологияларды қолдану мәселелерін талқылауда.

Сессияға ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылова төрағалық етіп, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. «TransMonEE – 30 жылдан астам тарихы бар өңірлік серіктестік және тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң. Қазақстан үшін балалар туралы сапалы әрі қолжетімді деректер өндіру – ұлттық басымдықтардың бірі. Біз инновациялық шешімдермен бөлісуге және қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін ортақ тәсілдерді бірге әзірлеуге дайынбыз», – деді ол.

Кездесу қатысушылары балалар туралы сапалы деректер тиімді шешімдер қабылдауға және нәтижелі мемлекеттік саясат қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бірлескен жұмыс балалардың ұлттық статистикада және мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ескерілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жылдары Қазақстан әкімшілік деректерді дамыту бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде Ұлттық статистика бюросы 29-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынатын деректерді интеграциялауда.

Сонымен қатар, 2025 жылы Қазақстан ЮНИСЕФ, Азия даму банкі және ЮНФПА-мен бірлесіп, шамамен 24 мың үй шаруашылығын қамтыған ең ірі көпиндикаторлық кластерлік зерттеуді (MICS) аяқтады. Оның нәтижесі «Қазақстан балалары 2026-2030 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде пайдаланылды.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар Қазақстанның цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу бағытында айтарлықтай ілгерілеу көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл технологиялардың балалар мен отбасыларды қолдау шараларын жетілдіруге қолданылуы ерекше маңызды және бұл тәжірибе өңірдегі басқа елдер үшін де пайдалы болуы мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1176739?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді