
Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс күнін «Айтас МП» ЖШС-дағы әйелдер қауымын мерекемен құттықтаудан бастады.
2012 жылы ашылған зауыт 80-нен астам шұжық түрлері мен жартылай фабрикаттар шығарады.
Өнімдері Қазақстаннан бөлек Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сатылатын зауытта 360 адам жұмыс істейді. Жылына 14 мың тоннаға дейін өнім өндіретін заманауи кәсіпорын Қазақстандағы бройлер құс етін өндіру және оны қайта өңдеу бойынша біртұтас кластерге кіреді.
«Әрине, мұндай жетістіктер мен жоғары өндірістік көрсеткіштердің артында өз ісінің кәсіби мамандарының күнделікті еңбегі жатыр. Әсіресе, ұжым құрамында жауапкершілігімен, тиянақтылығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленетін нәзік жандылардың үлесі ерекше екенін атап өткім келеді. Өздеріңізді келе жатқан жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым үйлеріңізде бейбітшілік, махаббат пен береке орнасын»,- деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов еңбек ұжымымен бірге жаңа Конституция жобасын талқылап, ой-пікір алмасты.
Одан соң облыс әкімі Шығыс Қазақстанның дамуына зор үлес қосып жүрген әйелдер қауымымен жолықты. Олар бизнес, білім, медицина, мемлекеттік басқару және қоғамдық қызмет сияқты түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген жандар. Кездесу Достық үйі ғимаратында өтті. Бұл жер өңіріміздің көпұлтты қоғамының бірлігін паш ететін ерекше мекен. Алдағы референдум да түрлі мамандық иелерін, сан алуан ұлт пен әртүрлі діни сенімдегі қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды оқиға болмақ.
Кездесу барысында облыс әкімі әйелдерге алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
«Сіздерге күш-қуаттарыңыз бен кең пейілдеріңіз үшін мың алғыс! Ел үшін, отбасыларыңыз үшін, болашақ үшін атқарып жүрген барлық еңбектеріңізге рахмет. Алдымызда маңызды оқиға – референдум күтіп тұр. Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз бен саналы таңдауларыңыз қоғамымыздың тұрақты әрі жүйелі дамуына жол ашады деп сенемін», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі барша нәзік жандыларға зор денсаулық, әйел бақыты мен көктемгі көңіл-күй тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1176782?lang=kk

Жауап қалдыру