Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Альбертұлы Жұмақановтың төрағалығымен өңірлік табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындықты қамтамасыз ету бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шараларының жай-күйі мәселесі туралы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Отырыста уәкілетті органдардың су тасқыны кезеңіне және табиғи әрі техногендік сипаттағы өзге де ықтимал төтенше жағдайларға дайындық бойынша қабылдап жатқан шараларының жай-күйі қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, қала және аудан әкімдері, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, су инспекциясының өкілдері, сондай-ақ «Қазсушар» және «Қазселденқорғау» мемлекеттік кәсіпорындарының жергілікті филиалдарының басшылары қатысты.
Су бұру арналары мен су өткізу құрылыстарын ретке келтіру, өзен арналарының түбін тазалау, дамбалар салу және нығайту, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мәселелері талқыланды.
Үйлестіру кеңесінің төрағасы Бауыржан Жұмақанов облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру деңгейінің жеткіліксіз екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен қатысушылар су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуына бақылауды күшейту қажеттігін қолдады.
Нәтижесінде барлық мүдделі органдарға анықталған кемшіліктерді жою, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және халықты қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/1176630?lang=kk

Жауап қалдыру