
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Отырар ауданында ауқымды көшет отырғызу акциясы өтті. Игі шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, аудан тұрғындарымен бірге көшет екті.
Тарихи маңызы зор “Отырартөбе” қалажұрты маңында ұйымдастырылған акцияға 400-ден астам жергілікті тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен еріктілер қатысып, белсенділік танытты. Қатысушылар бірлесе отырып, аумақты көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, 1000-ға жуық көшет отырғызылды. Атап айтқанда, қара ағаш, шаған, үйеңкі секілді өңірдің табиғатына бейімделген ағаш түрлері егілді.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көпшілікпен бірге көшет егіп, табиғатты аялау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар ол тарихи орындардың айналасын көркейту, аудан аумағын көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Аталған шараның басты мақсаты – аудан аумағын көгалдандырумен қатар, тарихи-мәдени нысандардың маңын абаттандыру арқылы туризм кластерін дамыту, өңірге келетін қонақтар мен туристерге қолайлы жағдай жасау болып табылады. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, туған өлкенің көркеюіне өз үлесін қоса бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1177020?lang=kk

Жауап қалдыру