
Шығыс Қазақстан облысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов төрағалығымен өткен жиында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша алдын алу шараларын күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Ол су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіп, барлық қызметтің жұмысын үйлестіреді.
ШҚО ТЖД мәліметінше, өңірде 556 техника, 75 жүзу құралы, 234 мотопомпа, 11 әуе кемесі, оның ішінде Ми-8 және Ми-2 тікұшақтары бар. 3677 адамнан тұратын азаматтық қорғау күштері дайындалды. Оның құрамына ТЖД бөлімшелері, ТЖМ құтқару батальоны, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері, полиция қызметкерлері кіреді.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерге үш рет әуеден бақылау жүргізілді. Олар Үлкен Нарын, Алтай, Самар, Катонқарағай және Ұлан аудандарында өтті. Тексеру нәтижелері бойынша облыс аумағында қалың қар жатыр, Бұқтырма өзені толықтай мұз құрсауында. Келесі әуеден бақылау Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарында жүргізіледі.
Сонымен қатар ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың мамандары Алтай ауданы мен Риддер қаласындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралап, қорғаныс құрылыстары мен елді мекендердің дайындығын тексерді.
Облыс өзендерінде су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында бірқатар алдын алу жұмысы қолға алынды. Мәселен, Шемонаиха ауданындағы Үбі өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
ТЖД мәліметінше, бұл көктемгі су тасқыны кезінде мұз кептелістерінің пайда болмауы және су басу қаупін азайту үшін ұйымдастырылған. Мұз өзеннің тарылатын немесе арнасы күрт өзгеретін жерлерінде, көпірлер маңында ұсақталды. Бұл мұз кесектерінің көпір тіректерін зақымдау қаупін азайтуға бағытталған. Жүргізілген жұмыстардың жалпы аумағы 10200 шаршы метрді құрады. Аталған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және елді мекендерді су басу қаупін азайтуға бағытталған.
Қазгидромет мәліметі бойынша 2026 жылы Қазақстанның бірқатар өңірі көктемгі су тасқыны қаупі жоғары аймақтар қатарына енгізілген. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Өңірде жоғары қауіп аймағына Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Ұлан, Глубокое, Зайсан және Тарбағатай аудандары енді.
«Қазгидромет» деректері бойынша Зайсан, Шемонаиха, Тарбағатай және Үлкен Нарын аудандарында қар қорының көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары. Қазір облыс өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты, су деңгейі қауіпті межеден төмен.
Қазір су өткізу құбырларының 58 пайызы және көпірлердің 72 пайызы тазартылған. Қалған жұмыстарды 20 наурызға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Еріген қар суын өткізу үшін инертті материалдар, қаптар, құрал-жабдықтар және шатырлар дайындалған.
Тарбағатай ауданындағы облыстық маңызы бар «М-38 Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» тасжолында еріген қар суы жол үстінен асып өтті. Алайда жолдың шайылуына жол берілмей, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Жағдай бақылауда.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы жолдардың ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды. Сонымен қатар өңірде шамамен 4 мың су өткізу құбыры және 250-ден астам көпір бар.
ШҚО ТЖД мәліметі бойынша, жыл басынан бері тіркелген өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында болған. Көлік құралдарында да өрт шығу жағдайлары тіркелген. Соның салдарынан 11 адам көз жұмды, оның ішінде ересектердің қарауынсыз қалған үш бала бар. Өрттердің негізгі себептері – электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу және пешпен жылыту жүйелерін дұрыс қолданбау.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынына дайындық бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Қалалар мен аудандар әкімдіктеріне ТЖД-мен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру, әсіресе көпбалалы отбасылар, қарт адамдар және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар арасында ақпараттық жұмыстарды күшейту тапсырылды. Ал Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына газ жабдықтары мен баллондарын пайдалану барысын бақылауды күшейтіп, газ техникалық инспекциясының жұмысын жандандыру міндеттелді.
Сонымен қатар кеңесте адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігі атап өтілді. Нысандардың иелерімен өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Бұл әсіресе Ораза айт және Наурыз мейрамы қарсаңында өзекті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1179082?lang=kk

Жауап қалдыру