
Байзақ ауданы, Көкбастау ауылындағы Амангелді орта мектебінде Конституциялық реформаның мән-маңызын түсіндіруге арналған кезекті кездесу өтті. Жиынға қатысқан мектеп ұжымы мен білім саласының қызметкерлері жаңа Ата Заң жобасының басымдықтарын талқылап, алдағы саяси науқанға дайындық барысын пысықтады.
Кездесудің негізгі мақсаты — мұғалімдер қауымын алдағы жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақыру және ұсынылып отырған реформалардың ел дамуындағы рөлін түсіндіру болды.
Спикерлер өз сөзінде 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығына ерекше тоқталып, жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған тарихи құжат екенін атап өтті.
«Ата Заң – мемлекет пен қоғамның дамуын айқындайтын басты құжат. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау арқылы еліміздің саяси жүйесі жаңарып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейе түседі. Бұл орайда ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезде халықтың, соның ішінде ұстаздар қауымының белсенділігі аса маңызды», — деді жиын барысында сөз алғандар.
Амангелді орта мектебінің ұжымы ұсынылған өзгерістерге қолдау білдіріп, құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіне де оң әсер ететінін жеткізді. Мұғалімдер қауымы елдегі демократиялық үдерістердің нығаюы білім мен ғылымның дамуына да тың серпін беретініне сенімді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1178838?lang=kk

Жауап қалдыру