
Бүгін Тәуелсіздік сарайы ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумы өтті.
Аталған форумға облыстық мәслихатының депутаты Б.Нүрпеисов пен аудандық мәслихатының төрағасы О.Канагатов қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Бірлік, жауапкершілік, төзімділік, өзара қолдау және сенім рухы – біздің қоғамға тән асыл құндылықтар. Бұл қағидаттардың ел ертеңі үшін мәні зор. Мұны жастарымыздың терең түсінетіні қуантады. Біз дарынды ұл-қыздарымыздың спортта, өнерде, ғылымда, бизнес пен технология саласында бағындырған белестеріне шын жүректен қуанамыз.
Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді. Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің де иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз.
Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды.
Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз. Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады.
Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі. 15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді.
Осы орайда, мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын өз қолыңмен құру деген сөз.
Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады. Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tarbagatay-maslihat/press/news/details/1179735?lang=kk

Жауап қалдыру