
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Саяси шараға Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Маңызды жиында Мемлекет басшысы мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөліне ерекше тоқталып, жергілікті өкілді органдар халықтың мүддесін қорғап, өңірлердің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды институт екенін атап өтті. Сонымен қатар «Күшті өңірлер – қуатты ел» қағидатын жүзеге асыруда мәслихат депутаттарының жауапкершілігі жоғары екенін де атап өтті.
Форум барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың ұсыныс-пікірін ескеретін ашық әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Шараға еліміздің барлық өңірінен мәслихат депутаттары қатысып, өңірлердегі өзекті мәселелер мен даму бағыттары бойынша пікір алмасты.
Алдағы референдум – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды тарихи қадам. Әр азаматтың белсенді қатысуы – ел тағдырына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1179794?lang=kk

Жауап қалдыру