Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Қазақстан маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Сапар аясында ол облыс депутаттарымен, қоғам белсенділерімен, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен және жастармен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы – жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы республикалық референдум болды.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан бүгінде елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр.

«Жаңа Конституция «Алдағы уақытта қандай ел құрамыз?», «Қандай құндылықтарды басшылыққа аламыз?» және «Ұзақ мерзімді перспективада қайда бет алып барамыз?» деген сауалдарға нақты жауап береді. Жаңа Негізгі заң жобасы алдағы жылдары еліміз басшылыққа алатын басты қағидаттарды айқындайды. Бұл – мемлекеттілігімізді, тәуелсіздігімізді және егемендігімізді нығайту. Сонымен қатар көпэтносты қоғамдағы қоғамдық келісімге, диалогке және өзара құрметке ерекше мән беріледі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде жаңа Конституция елдің ғана емес, өңірлердің де тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалайтыны айтылды. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашады.

Сенат депутаты Ольга Перепечинаның айтуынша, аграрлық өңір тұрғындары үшін жерді қорғау, еңбек адамын қолдау және экономиканың берік конституциялық негіздерін қалыптастыру айрықша маңызға ие.

«Аграрлық өлкенің тұрғындары ретінде біз жаңа Конституциядан ең алдымен жеріміздің қорғалуын және еңбек адамына қолдау көрсетілуін көреміз. Экономиканың тұрақты конституциялық негіздері, меншік құқығын қорғау, бизнеске арналған айқын ережелер, мемлекеттік басқарудағы заңдылық, ашықтық және әділеттілік қағидаттарының нығаюы инвестициялық ахуалды жақсартады. Ал бұл – жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары, шағын және орта бизнестің дамуы, фермерлік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдау, яғни облыс экономикасының негізін құрайтын салалардың өркендеуі», – деді Ольга Перепечина.

Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі оның адамға бағытталған сипаты екенін атап өтті. Негізгі заңда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы екені, ал биліктің бірден-бір қайнар көзі – Қазақстан халқы екені бекітіледі.

Өз пікірін еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Тлек Әбдірахманов та білдірді.

«Бұрын елдің табиғи байлығы мемлекетке тиесілі болатын. Енді бұл өзгерді. Барлығы халыққа тиесілі. Мемлекеттік және атқарушы органдар халықтың еркін орындайды. Барлық байлық пен жер қойнауы халыққа тиесілі. Өмір бір орында тұрмайды. Әлем өзгеріп жатыр, ел өзгеріп жатыр, қоғам өзгеріп жатыр. Конституция, яғни Негізгі заң, өмірден қалып қоймай, қоғамдық дамуға сай түзетіліп, толықтырылып, жетілдіріліп отыруы керек», – деді Тлек Әбдірахманов.

Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев солтүстікқазақстандықтарға белсенді азаматтық ұстанымы мен мемлекет ісіне бейжай қарамайтыны үшін алғысын білдірді. Еске салайық, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум осы жексенбі күні өтеді. Солтүстік Қазақстан облысында 581 референдум учаскесі жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1179651?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді