
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы №115 «жайлы мектепте» педагогикалық ұжымға қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің цифрлық ортадағы заманауи қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыру. Іс-шараға 100-ден астам педагог қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері, сондай-ақ жеке деректер мен қаржыны қорғау жолдары түсіндірілді.
Киберқауіптердің алдын алу, онлайн сервистер мен банктік қосымшаларды қауіпсіз пайдалану, күмәнді хабарламалар, қоңыраулар немесе сілтемелер келген жағдайда қалай әрекет ету керектігіне ерекше назар аударылды.
Кездесудің бір бөлігі қаржы пирамидалары тақырыбына арналды. Педагогтарға мұндай алаяқтық схемаларды қалай тануға болатыны жан-жақты түсіндірілді.
Мамандар қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін атап өтті. Олардың қатарында нақты экономикалық қызметсіз жоғары әрі тез табыс уәде ету, жаңа қатысушыларды агрессивті түрде тарту және компания туралы ашық ақпараттың болмауы бар.
Кездесуге қатысушыларға қаржы ұйымдарын мұқият тексеру, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеу және қысыммен қабылданатын шешімдерден сақ болу ұсынылды.
Спикерлер қазіргі кезде алаяқтардың цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, азаматтарды заңсыз қаржылық схемаларға тартатынын атап өтті.
Сондықтан цифрлық және қаржылық сауаттылықты үнемі арттыру аса маңызды.
Кездесу барысында педагогтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, алаяқтық схемалардың нақты мысалдарын талқылады.
Мұндай іс-шаралар цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамда заңдылық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Педагогтармен осындай ақпараттық-ағартушылық кездесулер өткізу – азаматтарды қаржылық және киберқауіптерден қорғауға бағытталған алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі әрі «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға жасалған қадам.
#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1179952?lang=kk

Жауап қалдыру