Курчатов полицейлері боранды күні соқыр ішекпен ауырған жедел баланы облыс орталығына жеткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

12 наурыз күні Абай облысында қатты боран салдарынан бірқатар автожол учаскелерінде көлік қозғалысына шектеулер енгізілді. Көріну қашықтығы төмендеп, ауа райының қолайсыздығы қозғалысты айтарлықтай қиындатты.

Оқиға Курчатов қаласында болған. Патрульдік полиция қызметкерлеріне баласының жағдайы кенеттен нашарлаған отбасы жүгінеді.

Ата-анасының айтуынша, балада соқыр ішек күдігі болып, шұғыл медициналық көмек қажет болған.

Көмекке патрульдік полиция қызметкерлері — аға инспектор полиция капитаны Мират Мурзагелдинов және полиция аға лейтенанты Ануар Оразханұлы дереу келді.

Жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсінген полицейлер отбасы отырған көлікті патрульдік автокөлікпен жедел сүйемелдеуді ұйымдастырды.

Қатты боранға, көрінудің төмендігіне және жолдардағы шектеулерге қарамастан, тәртіп сақшылары облыс орталығына қауіпсіз әрі барынша жылдам жетуді қамтамасыз етті.

Полиция қызметкерлері көлікті медициналық мекемеге дейін жеткізіп, баланы дәрігерлерге тапсырды. Олардың кәсіби және үйлесімді әрекеттерінің арқасында бала дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, қажетті шұғыл медициналық көмек алды.

Баланың анасы полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, олардың жеделдігі мен адамгершілігін ерекше атап өтті.

«Баламыздың жағдайы кенеттен нашарлаған кезде біз қатты абдырап қалдық. Жолдардың жабық болуы бізді одан сайын алаңдатты. Сол сәтте полиция қызметкерлері бірден көмекке келіп, бізді еш кедергісіз ауруханаға дейін жеткізді. Осындай қиын сәтте олар бізге көмек қолын созды. Олардың қолдауының арқасында баламыз дәрігерлерге дер кезінде жеткізілді», — деді ол.

Полиция қызметкерлері азаматтарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін, әсіресе адам өмірі мен денсаулығына қатысты жағдайларда жедел әрекет ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1180605?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді