Әлеуметтік және экономикалық салалардың тұрақты дамуы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Соңғы бес жылда Жамбыл облысы инвестициялар тарту және ірі индустриялық жобаларды іске асыру тұрғысынан Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды.

Өңірлік билік органдары мен ұлттық даму институттары бірлесіп жүргізіп отырған белсенді инвестициялық саясат негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін айтарлықтай арттыруға, жаңа өндірістер ашуға және өңірдің өнеркәсіптік базасын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Химия өнеркәсібі, энергетика, металлургия және агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жобалардың жүзеге асырылуы облыстың экономикалық өсімінің маңызды факторына айналды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , тек 2025 жылдың өзінде өңір экономикасына 553 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өнеркәсіп өндірісінің айтарлықтай өсуіне және жаңа кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік берді.

Сол жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 10,3 пайызға жетті. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі.

Басқа да көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында өңірге 120,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.

Өңірлік биліктің бағалауынша, бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 3,6 триллион теңге болатын 80-нен астам жоба бар. Оларды іске асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы мүмкін.

Осылайша, инвестициялар өңір экономикасын құрылымдық жаңғыртудың негізгі құралына айналды. Олар дәстүрлі салаларға ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп пен энергетиканың жаңа бағыттарына да бағытталуда.


«Үлкен химия» үмітті ақтап келеді

Өңірдің инвестициялық саясатының негізгі бағыттарының бірі – химия өнеркәсібін дамыту.

Жамбыл облысы тарихи тұрғыдан минералдық шикізаттың едәуір қорына ие, бұл ірі химиялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі – «ЕвроХим – Тыңайтқыш» кәсіпорнының құрылысы. Ол минералды тыңайтқыштар өндіруге бағытталған.

Бұл жоба Қазақстандағы химия саласындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады және елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.

Жобаны іске асыру ішкі нарықты тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге және химия өнеркәсібі өнімдерінің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Маңызды жобалардың бірі – Сарысу ауданында кальцийленген сода өндіретін зауыт салуды көздейтін «Qazaq Soda» жобасы.

Оған салынатын инвестиция көлемі шамамен 400 миллион долларды құрайды. Кәсіпорынның бірінші кезеңдегі өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кейін бұл көрсеткішті 1 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Кальцийленген сода металлургияда, шыны, химия және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Бұл өндірісті іске қосу Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге және өнімді ТМД елдері мен Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жоба – «Altynalmas Reagents» кәсіпорны. Ол натрий цианидін өндіруге маманданған.

Бұл өнім алтын және басқа металдарды өңдеу кезінде тау-кен өнеркәсібінде қолданылады. Мұндай өндірістің дамуы елдің тау-кен секторындағы технологиялық базаны нығайтуға ықпал етеді.

Инвестициялар өңірдің тау-кен өндіру саласын дамытуға да белсенді бағытталуда.

Жамбыл облысында пайдалы қазбалардың едәуір қоры бар, бұл оны инвесторлар үшін тартымды етеді.

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында «Шокпар – Гагаринское» компаниясының алтын кен орнын игеру жобасы бар. Ол бағалы металдарды өндіру көлемін арттыруға және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Тағы бір жоба «Shagala Mining» компаниясының мыс өндіру бойынша инвестициялық бағдарламасымен байланысты. Мыс өнеркәсібінің дамуы өңір экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту үшін маңызды.


«Жасыл» экономика

Жамбыл облысының инвестициялық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – энергетика, әсіресе жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар.

Өңір «Total Eren» (Франция) және «Masdar» (БАӘ) халықаралық компанияларымен ынтымақтасып, жел электр станцияларын салу жобаларын жүзеге асыруда.

Бұл жобалар жасыл энергетиканы дамытуға және Қазақстанның энергетикалық жүйесінің көміртек ізін азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар өңірде жаңа энергетикалық нысандарды салу жобалары іске асырылуда. Олардың қатарында заманауи электр станциялары да бар.

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту өнеркәсіп кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жаңа инвесторларды тарту үшін маңызды.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалардың қатарында «Yonggang Central Asia Iron and Steel» компаниясының металлургиялық зауыт салу жобасын атап өтуге болады. Кәсіпорын металлургия өнімдерін өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Сонымен қатар қытайлық «Fufeng Group» компаниясы жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнын құру жобасын жүзеге асыруда.

Бұл жоба агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін маңызды, өйткені ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, аграрлық өндірістің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібін дамыту өңірдің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналуда.


Инвесторларға қолайлы жағдай

Инвестиция тартуда қолайлы институционалдық ортаны қалыптастыру маңызды рөл атқарады.

Жамбыл облысында «Zhambyl Invest» инвестициялық дирекциясы жұмыс істейді. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, инвесторларға жобаның барлық кезеңінде — идеяны әзірлеуден бастап кәсіпорынды пайдалануға беруге дейін — қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар өңірде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы дамып келеді. Мұнда химия, металлургия және машина жасау салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда.

Мұндай алаңдардың құрылуы инвесторларға салықтық жеңілдіктер алуға және дайын инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік береді.


Мұның маңызы неде

Инвестицияларды белсенді тарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Атап айтқанда, жаңа жобалар:

  • жаңа жұмыс орындарын құруға;

  • өнеркәсіп өндірісінің өсуіне;

  • бюджетке түсетін салықтардың артуына;

  • инфрақұрылымның дамуына;

  • экономиканың технологиялық деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді.

Билік өкілдерінің бағалауынша, алдағы жылдары инвестициялық жобаларды іске асыру мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашып, облыс бюджетіне түсетін салық көлемін айтарлықтай арттырады.

Мысалы, өңірдегі ең ірі өндірістердің бірі – «ЕвроХим» химиялық кешені.

Қазірдің өзінде мұнда жылына шамамен 740 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешені жұмыс істейді. Сонымен қатар жылына 800 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Жобаның соңғы кезеңінде жылына шамамен 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт іске қосылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін инвесторға арнайы жеңілдіктер берілген. Атап айтқанда, компания корпоративтік табыс салығынан, ҚҚС-тан, мүлік және жер салығынан босатылған.

Соған қарамастан кәсіпорын қазірдің өзінде бірқатар төлемдер мен салықтарды төлеп отыр: қызметкерлердің жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлемдер, жергілікті алымдар, сондай-ақ мердігерлер мен серіктес компаниялардың салықтары.

Кешен толық қуатында жұмыс істей бастағанда, оның бюджетке қосатын жыл сайынғы үлесі миллиардтаған теңгеге жетуі мүмкін.


Тек қаржы ғана емес

Ірі халықаралық және ұлттық инвесторларды тарту заманауи өндірістік технологияларды енгізуге, өндірісті автоматтандыру деңгейін арттыруға және экономиканың жаңа салаларын дамытуға ықпал етеді.

Мысалы, «ЕвроХим» кәсіпорындарында технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері, жабдықтарды цифрлық бақылау және энергия тиімді өндірістік желілер қолданылады.

Мұндай технологиялар еңбек өнімділігін арттыруға, энергия тұтынуды азайтуға және өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал «Qazaq Soda» кәсіпорнында экологиялық талаптарға сай заманауи технологиялар енгізілуде. Олар өндірістік шығарындыларды тазарту жүйелерін және тұйық су айналымын пайдалануды қарастырады. Бұл қоршаған ортаға әсерді барынша азайтып, халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Технологиялық даму тұрғысынан «Altynalmas Reagents» жобасының да маңызы зор. Натрий цианидін өндіру жоғары дәлдікті химиялық процестерді, қауіпсіздікті автоматтандырылған бақылау жүйелерін және өндірістік қалдықтарды тазартудың заманауи әдістерін қамтиды.

Мұндай кәсіпорынның пайда болуы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін химиялық реагенттер импортына тәуелділіктен азайтып, ұлттық технологиялық базаны дамытуға мүмкіндік береді.

Ал «Yonggang Central Asia Iron and Steel» компаниясының металлургиялық зауыты заманауи электр балқыту пештері мен автоматтандырылған металл өңдеу желілерін қолдануды көздейді. Бұл болат өндірісінің тиімділігін арттырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп кешенінде технологиялық жаңғырту ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеумен байланысты. Соның бір мысалы – «Fufeng Group» компаниясының жүгері өңдеу жобасы.

Бұл жоба аясында ферментацияның биотехнологиялық процестері қолданылып, аминқышқылдары, крахмал және жоғары қосылған құны бар басқа да өнімдер өндіріледі.

Мұндай технологияларды енгізу биохимиялық өнеркәсіптің дамуына және ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.


Осылайша, соңғы бес жылда инвестициялар Жамбыл облысының экономикалық дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен өндіру саласы және агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің өнеркәсіптік базасын нығайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өсім үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1181059?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді