
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің аға оқытушысы полковник Айсұлу Молдашева – осы беделді ғылыми марапаттың иегерлері қатарына енген тұңғыш әскери қызметші.
Бұл сыйлықты 2024 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық академия отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалым әйелдерді қолдау мен ынталандыру мақсатында тағайындаған болатын.
Сыйлық еліміздегі тұңғыш академик әйел, көрнекті физиолог Нәйлә Базанованың есімімен аталады. Өткен ғасырдың ортасында ғалымның физиология саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектері Қазақстандағы биология ғылымының дамуына зор ықпал етті.
Биыл еліміздің 66 жетекші ғалым әйелі осы сыйлықтың лауреаты атанып отыр. Олардың қатарында Қазақстан Қарулы күштерінің өкілі де бар.
Полковник Айсұлу Молдашева – заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әскери құқық, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, әскери этика және қарулы қақтығыстар құқығы мәселелеріне арналған 200-ден астам ғылыми, оқу және оқу-тәжірибелік еңбектердің авторы. Оның ғылыми қызметі мемлекеттің әскери қауіпсіздігінің теориялық негіздерін зерттеуге, әскери-құқықтық ғылым мен әскердегі құқық қорғау қызметін дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, ол қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құжаттарға сараптамалық баға беруге, сондай-ақ тұжырымдамалық жобаларды әзірлеуге белсенді қатысып келеді.
Беделді сыйлықтың берілуі полковник Айсұлу Молдашеваның кәсіби жетістіктерінің мойындалуы және еліміздің әскери ғылымы мен ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесінің дәлелі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181086?lang=kk

Жауап қалдыру