ШҚО-да 20 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс орталығында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шара 14 наурызда Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Көрісу күніне орай ұйымдастырылды.

Жаңа қоныс иелері – тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Сондай-ақ олардың қатарында 5 дәрігер де бар. 20 жаңа пәтердің кілтін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз – 20 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Үйлеріңізде әрдайым береке-бірлік орнап, шаңырақтарыңыздан шаттық пен балалардың шат күлкісі үзілмесін», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті. 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес, Өскемен қаласының халқы 500 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Осыған байланысты алдағы уақытта тұрғын үй құрылысының көлемі одан әрі ұлғая бермек.

Салтанатты рәсім мерекелік атмосферада өтті. 

Жалпы, биыл өңірде 410 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр (Бұл үш мыңнан астам пәтер).

Құрылыстың негізгі көлемі жалпы ауданы 318 мың шаршы метрден асатын 47 көпқабатты тұрғын үйге тиесілі болмақ. Сонымен қатар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын іске асыру және жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жалғасады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардың 107 пайызынан астамын құрап, 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 101,4 пайызға жетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1181116?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді