
Заң үстемдігі – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың еркін және қауіпсіз өмір сүруінің басты кепілі. Ал әрбір Қазақстан азаматы заң мен тәртіпті сақтау арқылы қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын сақтай алады.
Осы мақсатта облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен облыстық Жастар ресурстық орталығында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жас спортшылардың қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Аталған жиынға грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, облыстық көлік прокуратурасының прокуроры Мұхамеджан Матжан және аға прокурор Абзал Жамет қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жас спортшыларға заң талаптарын қатаң сақтауды, қоғамдық тәртіпті бұзбауды, спорттағы әділдік пен тұрақтылықты қалыптастыруға үлес қосу керектігін атап өтіп, зиянды әдеттерге құмар болмауға шақырды. Сонымен қатар, спортшылар тек жарыс алаңында ғана емес, күнделікті өмірде де қоғам айнасы болуы керектігі айтылды.
Өз кезегінде жас спортшылар спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Жалпы мұндай тағылымды кездесулер жас спортшылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың ел болашағына жауапкершілікпен қарауына ерекше ықпал етеді.
Алдағы уақытта да қоғам алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды кездесулер жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/1181077?lang=kk

Жауап қалдыру