
Қала аумағындағы су тасқынына қарсы шараларға дайындық сұрағы мәслихаттың индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша тұрақты комиссия отырысында талқыланды.
Алматы және Астана аудандары бойынша суағарларды тазалау, бөгеттерді нығайту, арнайы техникаларды жұмылдыру, инерттік материалдармен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарланып, жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Техносервис КЗ» ЖШС.
Қазіргі таңда су басу қауіпі жоғары тұрғын алаптарда инженерлік-инфрақұрылымдық қорғау шаралары жүзеге асырылуда. Астана ауданында Құрашасай, Жаңақоныс – 1, 3, 5, Шестихатка және Хобда тас жолы бағытындағы каналдар тазартылды. Сонымен қатар Алтын Орда, Әуеқалашық, Авиатор, Оңтүстік-Батыс, Орталық, Мәскеу аудандарындағы нөсер кәріз жүйелері тазарту жұмыстарымен қамтылды.
Алматы ауданында Есет батыр, Садовое, Сая, Қызылжар-2, 3, Шилісай тұрғын алаптарында суағар арықтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сүт зауыты ауданы, Авиатор-5 бау-бақша ұжымында ескі өтпелі көпірді бұзу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ екі аудан бойынша қар шығару жұмыстары атқарылып, қорғаныс шаралары күшейтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-aktobe/press/news/details/1180203?lang=kk

Жауап қалдыру