
Мұхатовтар–Шамшиевтер әулетінің өкілдері 1967 жылдан бері су шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Жалпы алғанда, бұл отбасының үш ұрпағы елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне 160 жылын арнаған.
Әулет өкілдерінің бірі – Жанар Мұхатова. Ол «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының пайдалану және су пайдалану бөлімінде жетекші маман болып жұмыс істейді. Ол су тұтынушылармен жұмыс жүргізіп, гидротехникалық нысандарды тексеріп, олардың техникалық жағдайына тұрақты бақылау жасайды.
Жанардың әкесі Жұмабек Мұхатов ондаған жыл бойы Жамбыл облысының су шаруашылығын дамытуға үлес қосып, шеберден бастап басшылық қызметтерге дейінгі жолдан өткен. 2011-2017 жылдары, зейнетке шыққанға дейін, Шу-Талас бассейндік су инспекциясын басқарды. Анасы Азия Шамшиева салада 40 жылдан астам еңбек еткен. Ұзақ жылдар бойы Тараз қаласының су шаруашылығы жүйесінде жұмыс істеп, Шу, Талас және Аса өзендерінің суын бөлумен, сондай-ақ су қоймаларының есебін жүргізумен айналысқан. 2001 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Су ресурстары комитетінде қызмет атқарды.
Жанардың нағашы атасы мен әжесі – Әділше және Айбалаш Шамшиевтер Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы су шаруашылығы нысандарында ұзақ жыл еңбек еткен. Ал Жанардың әпкесі Гүлмира «Қазсушар» РМК-да инженер-гидротехник және экономист болып жұмыс істеген.
«Жұмысқа қатысты мәселелер бойынша анаммен жиі ақылдасамын. Тәжірибелі маманның кеңесі қажет болғанда ең алдымен соған жүгінемін. Өзара қолдау көрсету және кез келген сәтте көмектесуге дайын болу – біздің отбасымыздың басты құндылықтарының бірі. Ата-анамның өнегесі өз жолымды табуыма көмектесті, ал олардың тәрбиесі ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге жігер береді», – дейді Жанар Мұхатова.
Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесінде су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 60-тан астам әулет бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1182140?lang=kk

Жауап қалдыру