2026 жылдың басынан бері Жетісу облысында есірткі қылмысына қарсы кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жедел және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 37 құқық бұзушылық анықталып, оның 20-сы есірткі қылмыстары санатына жатады. Олардың қатарында есірткі құралдарын заңсыз дайындау, өткізу және аса ірі мөлшерде сақтау деректері бар.
Заңсыз айналымнан марихуана, гашиш және синтетикалық есірткілерді қоса алғанда, 11 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 21 адам ұсталды. Оның ішінде үшеуі есірткіні «жасырын орындарға қалдыру» («закладка») тәсілі арқылы таратумен айналысқан.
Интернет кеңістігіндегі есірткі саудасына қарсы күреске ерекше назар аударылуда. «Кибернадзор», «Антифрод» және «Аргус» цифрлық құралдарының көмегімен құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 577 сайтты, 183 банктік шотты, сондай-ақ мыңдаған шетелдік шоттар мен криптокошельктерді бұғаттады.
«Бүгінде есірткі қылмысына қарсы күрес тек көшелерде ғана емес, цифрлық кеңістікте де жүргізілуде. Біз есірткінің таралу арналарына жүйелі түрде тосқауыл қойып, жастар мен қоғамды бұл қатерден қорғау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып келеміз», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта облыс бойынша есірткіге тәуелді 234 адам профилактикалық есепте тұр. Сонымен қатар, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері өңірдегі түнгі клубтар мен мейрамханаларды тексерді. Нәтижесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымы деректері анықталған жоқ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1182309?lang=kk

Жауап қалдыру