Спорттық білім берудегі жаңа әдістер талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Железин ауданының Мыңкөл  мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған аудандық семинар өтті. Білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шараға ауданның 29 мектебінен дене шынықтыру пәнінің педагогтері қатысты.

Семинардың басты мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, озық педагогикалық тәжірибелерді тарату және оқушылар арасында ұлттық әрі спорттық ойындарды кеңінен насихаттау.

Іс-шара барысында қатысушыларға мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Семинар аясында шеберлік сабақтары мен ашық сабақтар өткізіліп, мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, қатысушылар «Бес асық» ұлттық ойыны бойынша шеберлік сабағына қатысып, ұлттық ойындардың тәрбиелік және дамытушылық мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, оқушылардың шахматқа қызығушылығын арттыру және оны тұрақты қолдау жолдары туралы баяндама ұсынылды.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге бағытталған «Жаяу көкпар» ойыны көрсетіліп, қатысушылар оның оқушылардың дене дайындығын арттырудағы маңыздылығын талқылады. Сондай-ақ 9-сынып оқушыларымен «Спорттық ойындар. Волейбол» тақырыбында ашық сабақ өткізіліп, сабақтан кейін волейболдан спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Семинар барысында педагогтер ұсынылған әдістемелік тәсілдер бойынша пікір алмасып, өткізілген сабақтардың тәжірибелік маңыздылығына жоғары баға берді. Мұндай кездесулер мұғалімдердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білім беру үдерісін жетілдіруге ықпал ететіні атап өтілді.

Іс-шара соңында дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында волейболдан жолдастық кездесу өтіп, семинар достық әрі серіктестік атмосферада қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1182179?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді