Ақтөбеден аудандарға 40 минутта жетуге болады: өңірде жаңа әуе бағыттары іске қосылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысында өңірішілік әуе қатынасын дамыту мәселесі талқыланды. Бұл тақырып облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Жиын барысында өңірде жергілікті әуе желілерін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба туралы Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жанындағы азаматтық авиация жөніндегі кіші комитеттің төрағасы Марат Дауталиев баяндама жасады.

Оның айтуынша, жаңа жоба облыс орталығы мен аудан орталықтары арасындағы жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде кейбір аудандарға автокөлікпен жету 8–10 сағатқа дейін созылса, әуе көлігі арқылы бұл уақыт 40–90 минутқа дейін қысқарады.

Жоспарға сәйкес, жергілікті әуе желілеріне қызмет көрсететін бірыңғай low-cost операторын құру қарастырылып отыр. Ол қысқа ұшу-қону жолақтарына бейімделген, шамамен 19 жолаушыға арналған шағын әуе кемелерін пайдаланбақ. Алғашқы кезеңде әуе бағыттары Ақтөбе – Шалқар, Ырғыз және Бозой елді мекендерін байланыстырады.

Жоба тек жолаушылар тасымалымен шектелмейді. Әуе кемелері санитарлық авиация, жүк тасымалы, ауыл шаруашылығы авиациялық жұмыстары және табиғи аумақтарды мониторингтеу сияқты бағыттарда да қолданылмақ.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірлік әуе қатынасын дамыту өңір экономикасына серпін беретін маңызды бастама екенін атап өтті.

«Жергілікті әуе желілерін дамыту – тек авиациялық инфрақұрылымды жетілдіру емес, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды құрал. Жоба аудандар арасындағы қатынасты жылдамдатып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады, туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады», — деді өңір басшысы.

Жобаны іске асыру үшін авиакомпания-операторды, техникалық қызмет көрсету жүйесін және аэродром инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай авиациялық құрылым қалыптастыру жоспарланған. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асырудың екі жолы қарастырылуда: жаңа авиакомпания құру немесе оны қолданыстағы авиаоператор базасында іске қосу. Мамандардың пікірінше, екінші нұсқа жобаны тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жол картасына сәйкес, 2026 жылы жобаның тұжырымдамасы мен бизнес-жоспары әзірленеді, пилоттық бағыттар іске қосылып, аэродром инфрақұрылымы дамытылады. Кейін маршруттар желісі кеңейтіледі.

Ұзақмерзімді перспективада бұл бастама Ақтөбе облысының барлық аумағын қамтитын тұрақты өңірлік әуе қатынасы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Отырыс барысында сондай-ақ аудандардағы қону алаңдарын стандарттау, тарифтік саясатты қалыптастыру және алдағы 5–10 жылда шағын авиация паркін кеңейту мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жобаның іске асуын тұрақты бақылауда ұстауды, аудан әкімдіктері және салалық құрылымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуді, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған шағын авиацияны дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1183237?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді