«Бөтен ойындар»: тағдырларды талқандайтын қауіпті жол

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Синтетикалық есірткі — «жеңіл ақша» емес. Бұл — сынған тағдырлар, ата-ананың көз жасы және темір тордың ар жағындағы жылдар.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жастарға «оңай жұмыс», «жоғары табыс» деген желеумен түрлі ұсыныстар жиі таралуда. Тәжірибе де, арнайы дағды да қажет емес — аптасына бір-екі рет «шығып келу» жеткілікті деген уәде беріледі. Алайда мұндай әдемі сөздердің артында жасөспірімдер мен жастарды қылмысқа тартатын қауіпті әрекеттер жасырын жатыр. Көпшілігі оның салдарын толық түсінбей, табыс табамын деп, өз өмірін құрдымға жіберіп жатқанын аңғармай қалады.

Қазақстан Республикасында есірткі заттарын өткізу қылмысы үшін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

📌 Абай облысында бүгінде есірткіге қатысты қылмыстар үшін 97 адам жазасын өтеп жатыр. Бұл — жай ғана сандар емес, әрқайсысы — қайтып келмейтін тағдыр.

«Бөтен ойындар» деректі фильмінде сотталған азамат өз өмір жолын ашық баяндайды. Ол алғашында есірткі тұтынған, кейін оны таратумен айналыса бастаған. Әлеуметтік желідегі «куратор» оған ақша ұсынып, нақты нұсқаулар беріп, қалай әрекет ету керектігін үйреткен. Барлығы оңай әрі жылдам көрінген.

Алайда бұл «жұмыс» бар болғаны бір жарым айға ғана созылған. Ол қылмыс үстінде ұсталып, сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бүгінде ол өз қателігін толық түсінетінін айтады. Бірақ енді ештеңені өзгерту мүмкін емес. Қанша адамның тағдырына зиян келтіргенін де білмейді.
Жастарға арнаған үндеуінде ол:

«Есірткіден аулақ болыңдар. Бұл — жұмыс емес, табыс емес. Бұл — түбі түрмеге апаратын жол», — дейді.

«Бөтен ойындар» — жай ғана бір оқиға емес. Бұл — «жеңіл ақшаға» алданып қалмаудың маңызды сабағы.

Мұндай қателіктің бағасы тым ауыр. Ал оның салдары — ұзақ жылдарға созылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1183476?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді