
Бүгін Көкшетау қаласы ерекше рух пен ұлттық дәстүрдің сән-салтанатына бөленді. Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева қатысқан бұл ауқымды шара Наурызнама аясында облыс орталығында ұйымдастырылып, бір шаңырақтың астында мыңдаған жүректі тоғыстырды.
Мерекелік жиында басқарма басшысы барша жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жас ұрпаққа алғысын білдіріп, оларға сәттілік тіледі.
Іс-шараның шарықтау шегі – қаланың 27 мектебінен жиналған 1500 оқушының бір мезетте «Бес асық» ұлттық ойынын ойнауы болды. Бұл көрініс тек ойын ғана емес, ұлттың рухани мұрасын жаңғыртудың, дәстүр мен заманауилықты ұштастырудың айқын белгісіне айналды.
Облыс көлемінде мектептерде ұлттық спорттың өрісі кеңейіп келеді: бүгінде 419 секция жұмыс істеп, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтумен қатар, оларды халқымыздың бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүріне баулып отыр
Бастаманың басты мақсаты – жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, дәстүрлі спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру. Мыңдаған оқушының бір уақытта ойынға қатысуы тарихи жетістікті тіркеуге жол ашып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бірлігі мен мәдени мұраға деген құрметін айқын көрсетті.
Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Қошанованың айтуынша, бұл ауқымды әрі маңызды оқиға Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енгізу үшін ресми түрде ұсынылған. Қазіргі таңда рекордтар кітабының өкілдері барлық қажетті тексерістерді жүргізуде. Ал 22 наурыз күні, мереке қарсаңында, ресми сертификатты табыстау жоспарланып отыр.
Бұл тағылымы мол шара жас буынның жүрегіне ұлттық рух ұялатып, көпшілік арасында дәстүрді кеңінен насихаттауға серпін берген маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1183444?lang=kk

Жауап қалдыру