
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жаңа Конституцияның қабылдануына орай студент жастардың қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Конституцияның қоғамдағы маңызын жан-жақты түсіндіру, оның рөлін талқылау және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру болды.
Жиынды университеттің жастар саясаты бөлімінің басшысы Нұргерім Нұрлан ашып, қазіргі кезеңде жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел дамуы жастардың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Кездесу барысында университеттің баспасөз хатшысы Лаура Тастанбек сөз алып, жастардың ақпараттық кеңістіктегі ықпалына тоқталды. Ол әлеуметтік желілердің қазіргі қоғамда маңызды құралға айналғанын, сол арқылы жастар қоғамдық пікір қалыптастыруға және түрлі үдерістерге әсер етуге қабілетті екенін жеткізді.
Сонымен қатар, спикерлер референдумның халықтың тікелей қатысуына негізделген демократиялық тетік екенін атап өтті. Жуырда өткен саяси науқанда жастардың белсенділігі ерекше байқалғаны да тілге тиек етілді.
Атап айтқанда, университет студенттері де бұл үдерістен тыс қалмады. Мәселен, 75-учаскеде дауыс берген 18 жастағы студент Айдын Арысбаева өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірсе, 14-учаскеде дауыс берген Ернұр Айтуған да ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті. Бұл жастардың өз құқықтарын түсініп, жауапкершілікпен қарай бастағанын аңғартады.
Жалпы алғанда, референдум барысында кәмелет жасына енді толған жастардың белсенділігі қоғамдағы оң өзгерістердің айқын көрінісіне айналды. Олар ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу арқылы өздерінің азаматтық позициясын нақты білдірді.
Жиын ашық форматта өтіп, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай еркін диалог алаңы жастар арасында өзара түсіністік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға оң әсерін тигізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1183339?lang=kk

Жауап қалдыру