
Алматы қалалық кардиологиялық орталығында митральды жеткіліксіздікті емдеудің заманауи аз инвазивті әдісі — MitraClip жүйесін имплантациялау бойынша шеберлік сабағы өтті. Іс-шара барысында интервенциялық кардиологтар көрсетілімдік операциялар жүргізіп, жүректің құрылымдық ауруларын емдеудің транскатетерлік әдістерін қолдану тәжірибесімен алмасты.
Кездесу барысында мамандар жүрек патологияларын эндоваскулярлық емдеудің заманауи тәсілдерін, соның ішінде жүрек қақпақшаларын транскатетерлік терапия арқылы емдеу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл әдіс күрделі ауруларды ашық операция жасамай-ақ емдеуге мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағында MitraClip технологиясына ерекше назар аударылды. Бұл — митральды қақпақшаны транскатетерлік қалпына келтіру әдісі (TEER). Процедура катетер арқылы тамыр жолымен жүргізіліп, жоғары хирургиялық тәуекелі бар науқастарда митральды жеткіліксіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағының негізгі бөлігі екі көрсетілімдік операция болды.
Пациенттер:
• митральды қақпақша хордасының үзілуі анықталған 78 жастағы ер адам;
• митральды жеткіліксіздігі бар 63 жастағы ер адам.
Операциялар шақырылған сарапшылардың қатысуымен өтті. Проктор ретінде Астана қаласындағы UMC «Интервенциялық кардиология» клиникалық-академиялық департаментінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Марат Арипов, сондай-ақ функционалдық диагностика дәрігері Ақнұр Қали қатысты.
«Мұндай оқыту шаралары қазақстандық кардиология тәжірибесіне озық технологияларды енгізуге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және жүректің ауыр аурулары бар пациенттерге көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді», — деді Қалалық кардиологиялық орталықтың интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Оразбек Сахов.
Шеберлік сабағын өткізу интервенциялық кардиологияны дамытудағы маңызды қадам болып, Алматыдағы кардиологиялық қызметтің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1182837?lang=kk

Жауап қалдыру