
Осындай кәсіпорындардың қатарында Жаңа Әлжан ұн комбинаты және «ТАУ» агрофирмасы бар.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралап, жаңа инвестициялық жобаларды пысықтады.
Жұмыс сапары «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы аясында өтті. Негізгі мақсат — өндірісті жаңғырту, экспортты ұлғайту және жаңа жобаларды іске қосу.
Жаңа-Әлжан ұн комбинаты 1991 жылдан бері GRANUM брендімен бидай өңдеу өнімдерін шығарады. Бүгінде зауыт өнімдері Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия және Қытай нарығына экспортталады. Сонымен қатар өнімдер «Metro» және «Magnum» сауда желілерінде сатылады.
Комбинатта тәулігіне 550 тонна астық өңдейтін заманауи итальяндық және швейцариялық жабдықтар орнатылған. Жылдық өндірістік қуаты — 100 мың тонна ұн және 5 мың тонна макарон. Кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді.
Сапар барысында агрофирма «ТАУ» да назардан тыс қалмады. Кәсіпорын MilkyLand брендімен сүт өнімдерін шығарады. Тауар түрлері арасында айран, қатық, қаймақ, сүзбе, сүт және йогурт бар. Өнімдер өңір нарығында жоғары сұранысқа ие.
Қазір кәсіпорын өндіріс көлемін арттырып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын жақсартуға күш салып отыр.
Абзал Әбдікәрімов өндірісті жаңғырту, инновация енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру өңір экономикасының негізгі драйвері екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау мен кәсіпорындардың тиімді жұмысы Ақтөбе өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, сыртқы нарықтағы позициясын нығайтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1183869?lang=kk

Жауап қалдыру