
2026 жылғы 11 наурызда Астана қаласының санитариялық-карантиндік бақылау бөлімінің мамандары Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда әуе компаниялары өкілдеріне арналған семинар өткізді. Іс-шараның мақсаты – әуе кемесі бортында аса қауіпті инфекцияға күдікті науқас анықталған жағдайда экипаж мүшелері мен бортсеріктердің іс-қимыл алгоритмін түсіндіру.
Семинар барысында қатысушыларға холера ауруының эпидемиологиялық ерекшеліктері, жұғу жолдары, негізгі белгілері және алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ рейс барысында күдікті науқас анықталған жағдайда экипаждың жедел әрекет ету тәртібі, санитариялық-карантиндік қызметтерге хабарлау алгоритмі және қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Іс-шараға SCAT, Qazaq Air және Alaman Air әуе компанияларының өкілдері қатысты. Мамандар халықаралық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және әуе көлігінде жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында мұндай түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-na-transporte/press/news/details/1181970?lang=kk

Жауап қалдыру