
2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа[1] (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енгеніне алты жыл болды. Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қатынастарын реттейді.
Еске сала кетейік, Келісімнің негізгі мақсаттарының бірі – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлеріне зейнетақы құқықтарын қалыптастыру және іске асыру үшін олар жұмыс істейтін мемлекеттің азаматтарымен тең жағдай мен бірдей тәртіпті қамтамасыз ету.
Тарихы
2019 жылғы 20 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, онда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары Келісімге қол қойды.
Келісім ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде ратификацияланғаннан кейін, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың басқа ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін азаматтары жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастырып, сақтап және жүзеге асыра алады. Енді ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өз аумағында жинақталған еңбек өтілі үшін өз заңнамасына сәйкес зейнетақы төлейді. Егер еңбеккердің бір мемлекет аумағында жинаған еңбек өтілі зейнетақы тағайындауға жеткіліксіз болса (жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда), онда басқа ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған еңбек өтілі де ескеріледі. Бұл ретте бір мезгілде сәйкес келетін еңбек өтілі есепке алынбайды. Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмыс істейтін мемлекеттерінде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын міндетті түрде ресми рәсімдеуі тиіс, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды уақытылы жасауы қажет.
Қазақстанда Келісімді іске асыру
Қазақстанда Келісім Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы жарналарын төлеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнет жасына жеткенде немесе I және II топтағы мерзімсіз мүгедектік белгіленген жағдайда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға қатысты құқықтық қатынастарға қолданылады.
Мысалы, егер Қазақстан азаматы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше елдердің бірінде еңбек өтілін (мысалы, 3–5 жыл) жинаса, онда зейнетке шығу құқығы туындаған кезде (зейнет жасына жету, қажетті еңбек өтілінің болуы) мигранттың өз елінің аумағында жұмыс істеген кезеңі үшін сол елдің зейнетақы заңнамасына сәйкес зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Қазақстан азаматы зейнетақыны тағайындау және төлеу туралы өтінішті тиісті ЕАЭО мүше мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасындағы құзыретті орган ретінде БЖЗҚ-ға бере алады.
Еңбеккерге зейнетақы тағайындау және төлеуге қажетті құжаттар тізбесі әрбір ЕАЭО мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.
Құзыретті органдар
Қазақстан Республикасында ЕАЭО-ға мүше мемлекет еңбеккерлерінің еңбек өтілін растау жөніндегі құзыретті органдар – «БЖЗҚ» АҚ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті, олардың аумақтық бөлімшелері.
БЖЗҚ 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі туралы мәліметтерді ақпараттық жүйедегі міндетті зейнетақы жарналарының төленуі жөніндегі деректер негізінде ұсынады.
Сонымен қатар БЖЗҚ-ға мына мәселелер бойынша жүгінуге болады:
- мәліметтер мен құжаттарды қабылдау және өңдеу;
- зейнетақы тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау;
- зейнетақы төлемдерін ұйымдастыру және жеткізу.
Толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» бөлімінде орналастырылған.
1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне жүгіну қажет.
Келісімнің статистикалық көрсеткіштері
Келісімді іске асыру аясында Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша:
- Қазақстан аумағында жұмыс берушілермен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттар негізінде еңбек қызметін жүзеге асырып жатқан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 105 029 азаматы үшін БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары аударылды.
Бұл ретте Қазақстан заңнамасына сәйкес, егер БЖЗҚ-да зейнетақы жарналары есепке алынатын шоттар ашылмаған болса, алғашқы жарна түскен кезде мұндай шоттар автоматты түрде, яғни өтінішсіз тәртіпте ашылады.
- БЖЗҚ ЕАЭО елдерінің 291 азаматының зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерін қабылдап, орындады. Оның ішінде:
- 266 еңбеккерге Қазақстан заңнамасына сәйкес зейнет жасына жетуіне байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды;
- 25 мұрагерге еңбеккерлердің қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды.
- Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құзыретті органдары:
- Қырғызстан мен Ресей Федерациясының аумағында еңбек шарты негізінде жұмыс істеп, олардың зейнетақы жүйесіне сақтандыру жарналарын аударған Қазақстанның 26 азаматына жасына байланысты / қарттық бойынша / мүгедектік бойынша өмір бойғы зейнетақылар тағайындады;
- Қазақстанның 2 азаматының қайтыс болуына байланысты 4 азаматқа асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнетақылар тағайындады.
Статистика көрсетіп отырғандай, Келісімнің қолданылу мерзімі салыстырмалы түрде қысқа болғанына қарамастан, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына Одақ елдерінде өздерінің зейнетақы құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі берілді. Бұл қабылданған құжаттың негізгі мақсатына қол жеткізілгенін білдіреді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
[1]Армения, Беларусь, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Қазақстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1184115?lang=kk

Жауап қалдыру