
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча одан арғы өзара іс-қимыл перспективалары мен бірлескен жобаларды іске асыру қорытындыларын талқылады.
Ведомство басшысы кездесу барысында БҰҰ жүйесі ұйымдарымен көпжылдық стратегиялық әріптестіктің жоғары нәтижелілігін атап өтті. Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ), Әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық қауымдастығымен (ӘҚХҚ), БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ), БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ), БҰҰ Халық қоры (ЮНФПА), Халықаралық көші-қон ұйымымен (ХКҰ), «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен және басқа да ұйымдармен тиімді ынтымақтастық жолға қойылған.
Келіссөздер барысында министрліктің ағымдағы жылға арналған жоспарларына ерекше назар аударылды. Асқарбек Ертаев мемлекеттік қолдау шараларын біріздендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Жыл соңына дейін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік көмектің 13 бірыңғай түрін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жергілікті деңгейдегі төлемдердегі бытыраңқылықты толық жоюға және елдің барлық өңірлерінде азаматтарды қолдау жүйесін теңестіруге мүмкіндік береді.
Тараптар көші-қон саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын да талқылады. С. Раднарагча Халықаралық көші-қон ұйымының үшінші елдердің азаматтарын ерікті түрде қайтару және қайта ықпалдастыру бойынша пилоттық бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетуге, сондай-ақ адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнама бойынша сараптамалық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ БҰҰ БЖКБ желісі бойынша озық халықаралық тәжірибелерді зерделеудің маңыздылығы атап өтілді.
БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі министрліктің әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бағытында жүргізіп отырған жұмысын жоғары бағалап, әлеуметтік қорғау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған дәйекті қадамдарын атап өтті. Ол БҰҰ тарапынан Қазақстан бастамаларына одан әрі қажетті сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Біз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жобалары мен бағдарламаларын іске асыруда БҰҰ халықаралық ұйымдарының қолдауын жоғары бағалаймыз. Алдағы ынтымақтастық әлеуметтік-еңбек саласының тиімді дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз», – деп түйіндеді А. Ертаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1184176?lang=kk

Жауап қалдыру