ОРДАБАСЫ: КӨРІСУ КҮНІ – ТАТУЛЫҚ ПЕН ДӘСТҮРДІҢ ДӘРІПТЕЛГЕН МЕРЕКЕСІ
Бүгін ауданымызда халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі – Амал мерекесіне, яғни Көрісу күніне орай кең көлемді мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, көпшілікке дәріптеуді мақсат еткен мерекелік шара Темірлан ауылындағы Этноауыл демалыс аймағында өтті.
Мерекелік жиынға аудан тұрғындары, ардагерлер, ақсақалдар, жастар мен қонақтар қатысып, халқымыздың дәстүрлі құндылықтарына негізделген тағылымды көріністердің куәсі болды.
Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасып, өкпе-ренішті ұмытып, ізгі ниет пен татулықты дәріптейтін ерекше күн. Сондықтан да бұл мерекенің тағылымдық мәні зор.
Шара ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев Көрісу күнінің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бұл күннің адамдарды жақындастырып, бірлік пен берекені нығайтатын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын тағылымды дәстүр екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков те сөз алып, жұртшылықты Амал мерекесімен құттықтады. Ол Көрісу күні – халқымыздың ынтымағы мен бауырмалдығын айшықтайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін айрықша мереке екенін жеткізді.
Мерекелік шарада ауыл ақсақалдары ел-жұртқа ақ батасын беріп, бірлік пен береке, амандық пен молшылық тіледі. Ақсақалдардың жүрекжарды батасы көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлап, шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Іс-шара барысында ұлттық ойындар мен дәстүрлі мәдениет кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу сынды халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындары ұйымдастырылып, оған жастар мен тұрғындар белсенді қатысып, өз бақтарын сынады. Сонымен қатар, алтыбақан құрылып, жастар ән айтып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Шара аясында аудан қолөнершілерінің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, ағаш және зергерлік өнер туындылары, тұрмыстық қолөнер заттары қойылып, келген қонақтардың қызығушылығын арттырды. Бұл көрме халқымыздың бай мәдени мұрасын танытып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік бағдарлама барысында ұлттық ән-күй шырқалып, салт-дәстүр көріністері сахналанып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көрісу күніне арналған бұл тағылымды шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жұртшылықтың бірлігін арттыра түскені анық.
Жауап қалдыру