
⚜️Өмірге келген әрбір сәби – елдің ертеңі, болашақтың бастауы. Осы игі ұғымды дәріптеу мақсатында Наурызнама онкүндігі аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
⚜️Бүгін аудандық орталық ауруханада дүниеге жаңа келген сәбилердің ата-аналарына аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы «Наурыз-кәде» сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар, шараға аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков те қатысып, жас отбасыларды қуаныштарымен құттықтады. Бұл – жаңа өмірді қарсы алған жандарға көрсетілген құрмет пен ізгі тілектің айқын көрінісі болды.
⚜️Салтанатты сәтте аудан әкімі мен мәслихат төрағасы ата-аналарға жылы лебіздерін білдіріп, дүниеге келген сәбилердің аман-есен өсіп, елінің мақтанышына айналуына тілектестік танытты. Сондай-ақ, әрбір нәрестенің өмірге келуі – тұтас ел үшін қуанышты жаңалық екенін ерекше атап өтті.
⚜️Іс-шара барысында ақжарма тілектер айтылып, ата-аналарға мерекелік көңіл-күй сыйланды. Жас отбасылар көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі бастаманың жүрекке жылу сыйлағанын жеткізді.
⚜️Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылған мұндай тағылымды шаралар қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттырып, ұрпаққа деген қамқорлықтың айқын көрінісіне айналуда. Жаңа өмірге қадам басқан әрбір сәби – елдің үміті мен жарқын болашағы екені тағы бір мәрте айқын сезілді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1183604?lang=kk

Жауап қалдыру