
Отырарда «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты рухани кеш өтті
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Отырар аудандық мәдениет үйінде «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Шара аясында белгілі суретші, ақын, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мәлік Әділхан Табылханұлымен кездесу өтті.
Кеш барысында қонақтар алдымен фойеде орналасқан суретші Ә. Мәліктің шығармашылық туындыларынан құралған көрмені тамашалады. Қылқалам шеберінің ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, қазақ тарихы мен руханиятын бейнелейтін туындылары көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Салтанатты жиын «Құт мекенім Отырарым» әнімен ашылып, кеш жүргізушілері Отырар өңірінің бай мәдениеті мен өнер дәстүрі туралы кеңінен айтып өтті.
Кештің құрметті қонағы – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық «TURAN» көркем өнер сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының «Жылдың үздік суретшісі», Отырар ауданының Құрметті азаматы Мәлік Әділхан Табылханұлы сахна төріне шақырылып, жиналған қауыммен жүздесіп, өзінің өлеңдерін оқыды.
Кездесу барысында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз сөйлеп, суретшінің ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі.
Шара аясында ақынның өлеңдері оқылып, қатысушылар арасында еркін сұхбат ұйымдастырылды. Мәлік Әділхан шығармашылық жолы, сурет өнеріне келуі, қазақ тарихы мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі жайында ой бөлісті. Сонымен қатар өзінің «Отырар романтизмі», «Тамшы» атты кітаптары туралы айтып, шығармаларының жазылу тарихына тоқталды.
Кеш барысында суретшінің немересі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әділхан Ханәли күй орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері сөз сөйлеп, өнер иесінің шығармашылығына жоғары баға берді.
Тағылымды шара соңында ұйымдастырушылар суретші Мәлік Әділханға шығармашылық табыс тілеп, кеш «Шәуілдір кеші» әнімен қорытындыланды.
Мәдениет пен ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған мұндай рухани кездесулер жас ұрпақты ұлттық өнер мен мәдени мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-baltakol/press/news/details/1183148?lang=kk

Жауап қалдыру