
2026 жылғы 17 наурызда Павлодар қаласында «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының қолдауымен дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің оқушыларынан құралған «Топжарған» фольклорлық ансамблінің есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті.
Кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің тереңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сахна төрінде жас өнерпаздар күмбірлеген күй арқылы халқымыздың бай музыкалық мұрасын паш етті.
Концерт «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, жас ұрпақтың ұлттық музыкаға деген құрметін арттыруды, халық аспаптары өнерін кеңінен насихаттауды мақсат етті. Сонымен қатар, бұл кеш жас орындаушылардың шығармашылық жетістіктерін кәсіби сахнада танытқан маңызды есеп беру алаңына айналды.
Бағдарлама аясында домбырашылар триосы мен «Кербез» жетігеншілер триосы, сондай-ақ музыкалық колледж студенттері өнер көрсетіп, кештің көркін аша түсті. Отандық композиторлардың шығармалары мен арнайы өңделген, авторлық туындылар көрерменге ұсынылды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ұғыбайдолла Бейсенұлы Мүфтән өз сөзінде:
«Бұл концерт – тек есеп беру емес, бұл – ұлттық мұраға деген құрметтің көрінісі. Біздің мақсатымыз – жас ұрпақтың жүрегіне күй өнерінің құндылығын жеткізу», – деп атап өтті.
«Топжарған» фольклорлық ансамблінің концерті дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсеткен, ұлттық өнердің өміршеңдігін айқындаған тағылымды мәдени кеш ретінде есте қалды.
Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат, күй – мәңгілік мұра!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1183951?lang=kk

Жауап қалдыру