
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында халықпен кері байланысты нығайтуға және тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін жедел шешуге бағытталған кезекті жеке қабылдау өтті. Аталған қабылдауды аудан әкімі Сымбат Төретаев жүргізіп, тұрғындармен ашық форматта пікір алмасты.
Қабылдау барысында азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің ауқымы кең болды. Атап айтқанда, жеке сипаттағы өтініштермен қатар, өңір үшін өзекті болып отырған жұмыссыздық мәселесі жиі қозғалды. Бұл, өз кезегінде, еңбек нарығындағы ахуалдың күрделілігін және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі шараларды күшейту қажеттігін айқын аңғартты.
Аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият зер салып, мәселенің мән-жайын жан-жақты саралай отырып, қолданыстағы заңнама аясында нақты түсіндірмелер берді. Сонымен қатар, жедел шешуді талап ететін бірқатар мәселелер тиісті сала басшыларына жүктеліп, олардың орындалу барысы қатаң бақылауға алынатыны атап өтілді. Әсіресе, жұмыссыздыққа қатысты көтерілген түйткілдер бойынша азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламаларына тарту, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру және бос жұмыс орындары туралы ақпараттандыру жұмыстарының маңыздылығына баса назар аударылды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1184467?lang=kk

Жауап қалдыру