
Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында барлығы шамамен 50 қызметтік ит бар. Олардың төртеуі – ең жас иттер, жасы бір жасқа да толмаған. Қазіргі уақытта олар тыйым салынған түрлі заттарды іздеу бойынша оқытудан өтіп жатыр. Жастарына қарамастан, төрт аяқты көмекшілер қызметте алғашқы нәтижелерін көрсете бастады.
Осындай жағдайлардың бірі «Өркен» стационарлық бекетінде орын алды. Қосшы – Астана бағыты бойынша түнгі уақытта полиция қызметкерлері 44 жастағы ер адам басқарған «Haval» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Көлікті қызметтік иттің көмегімен тексеру барысында жүргізуші айтарлықтай қобалжи бастаған. Осы сәтте Бублик есімді неміс овчаркасы ер адамға реакция білдіріп, содан кейін полицейлер тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру шараларын жүргізді. Ер адам ұсталып, медициналық куәландыруға жіберілді. Тексеру нәтижесінде оның есірткі заттарын қолданғаны расталды.
Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, Бублик — Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығындағы ең жас қызметтік иттердің бірі. Ол 2025 жылдың 25 сәуірінде дүниеге келген, қазір небәрі 11 айлық. Бұл оның қызметтегі алғашқы шығуы болды, әрі алғашқы тексерудің өзінде құқық бұзушылықты анықтауға көмектесті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1184181?lang=kk

Жауап қалдыру