
Қазақ халқы үшін шаңырақ – бірліктің, берекенің белгісі. «Отан – отбасынан басталады» деген ұғымның астарында да әр шаңырақтың қоғамдағы орны мен маңызы жатыр. Осы орайда «Наурызнама» онкүндігі аясында ауданымызда 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Шаңырақ – отбасы берекесі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шара барысында жаңа өмірге қадам басқан жас отбасы Ақниет Бағдат пен Альбина Оразұмбетоваға неке куәлігі табысталып, ақжарма тілектер айтылды.
Отбасы құндылықтарын дәріптеп, нығайту мақсатында өткізілген тағылымды шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады:
«Баршаңызды жаңару мен жақсылықтың жаршысы Наурыз мерекесімен және Шаңырақ күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурызнама онкүндігі ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға бағытталған. Шаңырақ – қазақ халқы үшін киелі ұғым. Әрбір тату, берекелі отбасы – елдің тұрақтылығы мен қоғамның берік негізі. Бүгін ортамызда отырған ардақты ата-әжелеріміздің өнегелі өмір жолы – кейінгі буынға үлкен үлгі. Ал жаңа шаңырақ көтеріп отырған жас жұбайларға әрдайым татулық пен береке тілеймін», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ шара аясында ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан өнегелі отбасылар Аралбек Әлімшеұлы мен Марияш Қасқабайқызы, Асылбек Ержанұлы мен Торшагүл Әбжанқызы арнайы марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.
Кеш барысында ардагер ақсақалдар ақ батасын беріп, жаңа отау иелеріне жылы лебіздерін арнады. Сонымен қатар өнерпаздар әннен шашу шашып, мерекелік жиынға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1184587?lang=kk

Жауап қалдыру