
ШҚО-да бір күнде 50-ден астам көші-қон заңнамасын бұзушы анықталды
Шығыс Қазақстан облысында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон қызметі қызметкерлері тарапынан заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Бір күннің ішінде 50-ден астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, 17 наурыз күні Өскемен қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде көршілес мемлекеттің 21 азаматы тұрғын үй кешенінің құрылысында тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны белгілі болды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаевтың айтуынша, жұмыс беруші де Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша — шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және шетел азаматтарының келуі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 100 АЕК-ті құрады.
ШҚО Полиция департаменті Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүрген шетелдіктердің уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруына тыйым салынатынын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1183765?lang=kk

Жауап қалдыру