АУДАНДА КӨКТЕМГІ КӨРКЕЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауданымызда ауқымды көктемгі ретке келтіру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде бастау алды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев ауданның Төрткөл аумағын аралап, көктемгі көркейту жұмыстарының барысымен танысып, нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе, халықаралық маңызы бар Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі бойындағы аумақтарды талапқа сай ретке келтіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Өйткені бұл жол – тек көлік қатынасының күретамыры ғана емес, еліміздің сырт көзге көрінетін келбеті.

Аудан басшысы жол жағалауын көркейту, ретсіз орналасқан нысандарды бір жүйеге келтіру, санитарлық тазалықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Жол бойындағы бей-берекет жарнамалар мен ескі құрылымдарды ретке келтіріп, заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның сәулеттік келбетін қалыптастырып қана қоймай, халықаралық дәліз бойындағы мәдениеттіліктің көрсеткішіне айналуы тиіс екені айтылды.

Сонымен қатар, ауыл ішіндегі ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіру, аулаларды тазалау, қоршауларды ретке келтіру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мәселелері де күн тәртібіне қойылды. Көктемгі мезгіл – ағаштарды күтіп-баптаудың ең тиімді кезеңі болғандықтан, оларды қырқу, күзеу, санитарлық тазарту жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүргізу тапсырылды.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында ауыл әкімдіктеріне, тиісті бөлімдер мен мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

Тазалық – мәдениеттің көрінісі. Ал көркейген ауыл – елдің еңсесі. Осы орайда қолға алынған бұл жұмыстар – ауданның жаңа тынысын ашып, келбетін кемелдендіре түсетін болады.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1184652?lang=kk