
Іле ауданында көгалдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Ақши ауылынан бастап, 15 шақырымға созылған жол жиегіне 30 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылуда.
Одан бөлек 10 мың қылқанжапырақты ағаш елдімекендер көркін аушға пайдаланылмақ.
Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмас Бөкенаевтың айтуынша, өткен жылы мамыр айында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға «Алматы» стансасы торабын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы аясында 8500-ге жуық ағашты кесуге рұқсат берген.
Аталған жұмыстар соның өтемі ретінде жүргізілуде. Мердігер мекеме – ¬«Ақбастау Gardens» ЖШС. Келісімге сәйкес ағаш биіктігі 2,5 метрден, ал қылқанжапырақты түрі 2 метрден кем болмауы керек.
– Осы уақытқа дейін 6 мың ағаш көшеті отырғызылды. Біз табиғат ерекшелігін де назарға алдық. Бұл ағаш түрі ыстық ауа райына бейімделген. Ылғал ұстап тұратын гидрогель қоспасын пайдаланудамыз. 30 жұмысшы еңбек етуде.
Бірнеше техника жұмыс істеп тұр. Күніне 2000-ға жуығын отырғызып жатырмыз. 1 жарым айда толық бітеміз деген жоспар бар. Сондай-ақ біз 3 жыл бойы күтіп-баптау шараларын да жүргізетін боламыз. Кейін жергілікті әкімдікке тапсырамыз, – деді «Ақбастау Gardens» ЖШС-ның учаске басшысы Сәбит Қарақұлов.
Осылайша жұмыс толық аяқталған соң аудан жасыл желекке оранып, тұрғындар игілігіне айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1184693?lang=kk

Жауап қалдыру