
Бүгін, 19 наурызда, Маңғыстау облыстық М. Өскінбаев атындағы филармониясында «Алаңсыз үй» жобасы аясында облыс прокуратурасы мен облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірлесіп ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақытты қоғам негізі» атты тренинг өтті.
Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, мәслихат депутаттары, білім беру саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, сондай-ақ 100-ге жуық әйел қатысты.
Тренингтің мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, жәбірленушілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда қауіпсіз әрі үйлесімді отбасылық ортаны қалыптастыру.
Тренинг барысында спикерлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, отбасылық құндылықтарды сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау жөнінде баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша консультациялар ұйымдастырылды.
Қабылданып жатқан кешенді шаралардың оң нәтиже беріп жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар саны 2024 жылмен салыстырғанда 27,8 %-ға төмендеген.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейтуге бағытталған соңғы заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бірқатар құқық бұзушылықтар әкімшілік құқық бұзушылық санатынан қылмыстық санатқа ауыстырылды.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Сондай-ақ азаматтардың жеке өмірін қорғау мақсатында сталкинг үшін жауаптылық белгіленді.
Сонымен қатар, «қалыңдық ұрлау» деп аталатын әрекет қыздың келісімінсіз жасалған жағдайда енді қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылатыны жеке атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар отбасы институтын одан әрі нығайтудың, профилактикалық жұмысты жалғастырудың және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Маңғыстау облысының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-mangistau/press/news/details/1185381?lang=kk

Жауап қалдыру