
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапханада Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы аясында жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында «Наурыз – береке бастауы!» тақырыбында интеллектуалдық байқау өткізілді.
Іс-шара Наурыз мейрамының терең тарихынан сыр шертетін тағылымды ақпарат берумен басталды. Кітапхана қызметкерлері Әбу Райхан әл-Бируни мен Омар һайям сынды Шығыс ғұламаларының еңбектеріне сүйене отырып, бұл мерекенің тамыры тым тереңде жатқанын, оның адамзат баласы үшін жаңару мен жаңғыру нышаны екенін ерекше атап өтті. Көктем мен күннің теңескен сәтінде үйді тазартып, араз жандардың татуласуы, «ескімен қоштасып, жаңаны қарсы алу» салтының мән-мағынасы түсіндірілді.
Қатысуышылардың білімі мен шеберлігін саралап, әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында: Абай атындағы музыкалық драма театрының аудармашысы, жазушы, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты Айгерім Қиықбай, «Дариға-ай» жастар театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Еркебұлан Абдрахманұлы Нұғыманов, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Меллатқызы Чушекова болды.
Байқауға қаламыздың жоғары оқу орындары мен техникалық-кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінің жас ұстаздары қатысып, өзара бақ сынасты. Интерактивті форматта өткен сайыс: «Наурыз», «Киелі сандар», «Салт-дәстүр», «Ұлттық ойын», «Ырым-тыйымдар» және «Киіз үй» тақырыптарын қамтыды. Қатысушылар 100-ден 500-ге дейінгі ұпайлар жасырылған ұяшықтарды таңдай отырып, өздерінің этнографиялық білімдері мен ұлттық дүниетанымдарының биіктігін көрсетті.
Шара қорытындысында байқау нәтижелері шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Парасаттылыққа толы іс-шараның қорытындысы бойынша бас жүлде – Геологиялық барлау колледжі, 1-орын – М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, 2-орын – IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі, 3-орын – Рымбек Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлттық рухты асқақтатқан аталмыш іс-шара жас мамандардың кәсіби біліктілігімен қатар, ата-баба мұрасына деген адалдықтарын паш еткен мерекелік кешке айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1185278?lang=kk

Жауап қалдыру