
Наурыз мейрамы – қазақстандықтар үшін ең маңызды әрі кеңінен тойланатын ұлттық мерекелердің бірі. Бұл күні дастархан жайылып, түрлі ұлттық тағамдар дайындалады. Әсіресе наурыз көже, бауырсақ, ет тағамдары, салаттар және тәттілер көптеп ұсынылады.
Дегенмен мерекені тойлау кезінде санитариялық талаптарды сақтамау тамақтан улану жағдайларына әкелуі мүмкін. Сондықтан тағам қауіпсіздігін сақтау өте маңызды.
Тамақтан улану көбіне сапасыз немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну нәтижесінде пайда болады. Әсіресе тез бұзылатын тағамдар – ет, сүт өнімдері, салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер дұрыс сақталмаса, адам ағзасына қауіпті болуы мүмкін.
Мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу үшін келесі қарапайым ережелерді сақтау қажет:
Біріншіден, тағам дайындау алдында қолды сабынмен мұқият жуу керек. Сонымен қатар тағам дайындалатын ыдыстар мен ас үй құралдарының тазалығына ерекше көңіл бөлген жөн.
Екіншіден, тағамдарды тек сапалы және жарамдылық мерзімі өтпеген өнімдерден дайындау қажет. Дүкеннен немесе базардан алынған өнімдердің сыртқы пішініне, иісіне және сақтау мерзіміне назар аудару маңызды.
Үшіншіден, дайын тағамдарды ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмау керек. Салаттар, ет тағамдары және басқа да тез бұзылатын өнімдер тоңазытқышта сақталуы тиіс.
Төртіншіден, көкөністер мен жемістерді пайдаланар алдында міндетті түрде ағын сумен жақсылап жуу қажет.
Бесіншіден, көшеде немесе белгісіз орындардан дайын тағамдарды сатып алудан бас тартқан жөн, себебі олардың қандай жағдайда дайындалғаны белгісіз.
Тамақтан уланудың негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауыруы, әлсіздік және дене қызуының көтерілуі жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет.
Наурыз мейрамы – қуаныш пен берекенің, бірлік пен жаңарудың мерекесі. Сондықтан мерекені қауіпсіз әрі көңілді өткізу үшін тағам дайындау мен сақтау кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтаған жөн.
Баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, зор денсаулық, молшылық және амандық тілейміз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1185429?lang=kk

Жауап қалдыру