
Шаһардағы жаңа атшабарда ұлттық спорттың төл түрі – аударыспақтан ашық қала біріншілігі ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай өтіп жатқан бұл додаға 18 жастан асқан, арнайы дайындықтан өткен спортшылар қатысып, өзара бақ сынауда.
Жарыстың негізгі мақсаты – қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру және аударыспақты кеңінен дамыту.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубы директорының орынбасары Талап Қыпшақбаев жарыстың шымылдығын түріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бүгінгі бәсекеде спортшылар 70, 80 және 90 келі салмақ дәрежелері бойынша күш сынасуда. Жалпы саны 50-ге жуық палуан қатысуға өтінім берген.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер өз салмақ дәрежелері бойынша анықталып, арнайы грамоталар мен медальдар табысталады.
Айта кету керек, Наурызнама онкүндігі аясында қалада ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар жалғасып келеді. Бұған дейін асық атудан әуесқойлар арасында командалық ашық біріншілік өткен болатын. Енді аударыспақтан да үздіктер анықталмақ.
Сонымен қатар, 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай қалада бірқатар мерекелік және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1185294?lang=kk

Жауап қалдыру